Қазақстандықтар төлейтін салықтың қай түрі өзгереді?

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қарапайым қазақстандықтар төлейтін салықтың қай түрі өзгеретінін айтты, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып.

«Жеке тұлғалар үшін тосын ештеңе болмайды. Салық жүктемесі сол күйінде қалады деген жоспар бар. Мысалы, 2000 жылдары әлеуметтік салық жүктемесі 29% деңгейінде болса, қазір 9%. Айлыққа салынатын жеке табыс салығы қайта қаралып жатыр», — деді Әлібек Қуантыров.

Сондай-ақ, ол пассивті табыс салығына прогрессивті шкала қалай қолданылатынн түсіндірді.

«Бірақ біз жеке табыс салығын саралауымыз мүмкін. Яғни, акциялар мен облигациялар, басқа да құнды қағаздар сияқты пассивті табыстың салығы көлеміне қарай өсіп отырады. Пассивті табыстың құны неғұрлым жоғары болса, салығы да жоғары болады. Мысалы, пассивті табыс құны 100-150 млн. теңгеден артса, салық мөлшері 15% болады. 200 млн. теңгеден жоғары болса, 20% деген сияқты. Яғни, мұның орта санаттағы азаматтарға қатысы жоқ», — деді ол брифингіде.

 

Фото businessmir.kz сайтынан алынған.