Атырауға Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы келді
Бүгін Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Альптекинмен кездесті, деп хабарлайды “Батыс-Инфо” ақпараттық порталы.
Кездесуде Марат Мурзиев Бас консул Сабри Альптекинге көп жылдан бері бауырластық және сауда-экономикалық қарым-қатынастың қос тарапқа да жемісті болғанын, одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
— Бүгінгі күні Атырау облысында 120-дан астам компания түрік капиталымен жұмыс атқарып жатыр. Биыл Атырау облысы мен Түркия арасындағы сауда-саттықтың көлемі 1 млрд. долларды құрайды. Атырау өңірінде мұнай мен газдан басқа өнеркәсіптер бар. Біз оларды жақсы деңгейге шығарсақ деген ойымыз бар. Соның ішінде облыста туризм саласын дамыту бағытында да үлкен жұмыстар істеуге болады, — деді М.Мурзиев.
Жиында Атырау облысының инвестициялық мүмкіндіктері, туризм мен білім саласын дамыту, достық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланды.
Өз кезегінде Бас консул облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевке ризашылығын білдірді. Содан соң Түркияда білім алып жатқан қазақ студенттерге қарастырылған мүмкіндіктер туралы айтып өтті.
— Сауда-саттық, энергия мен туризм салаларынан кейін білім саласына да көңіл бөлген жөн. Сонымен қатар, қазір Түркия мемлекетінде оқып жатқан қазақ студенттерінің саны күннен күнге артуда. Түркия мемлекетінің стипендиялық бағдарламасы бар. Бағдарлама бойынша Қазақстанға өте көп квота бөлінеді, — деді С.Альптекин.
Анықтама үшін: 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында Атырау облысының Түркиямен сыртқы сауда айналымы 1,0 млрд. АҚШ долларын құрады.