Құрбанов Қазақстанға тарихи жүлдені тарту етті

Өткен түнде Италияның Милан қаласында өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы әрі тарихи медаль түсті.

Ұлттық құрама көшбасшысы Руслан Құрбанов ширек финалда италиялық Валерио Куомоны 15-12 есебімен ұтып, қазақстандықтардан тұңғыш болып финалдық кезеңге жолдама алды. Алайда жартылай финалда мажарстандық Мате Кохпен болған тартысты айқаста қарсыласқа 10-15 есебімен жол жіберіп, қола жүлдегер атанды.

Екінші жартылай финалда Олимпиада және әлем чемпионы франциялық Ромен Каннон италиялық Давиде ди Веролиден жеңіліп қалды.

Айта кетейік, отандасымыз 1/16 айналымда франциялық Янник Борельді (15-14), даниялық Конрад Сейбек Конгстадті (14-13) ұтқан. Оған дейін аустриялық Джозеф Марингерден басым түсіп, үздік 32 спортшының қатарына қосылды.