Облыс әкімі «Кедергісіз орта» атты фасилитациялық кездесуге қатысты

«Біз де адамбыз» ҚҚ ұйымдастыруымен өткен жиында облыс әкімі жүруге ыңғайсыз пандустарды қайта қалпына келтіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қалыпты орта қалыптастыру маңызды мәселе екенін атап өтті.

Осы орайда жасалған интерактивті карта аясында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Бүгін қоғамды толғандыратын мәселе көтеріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасауды арнайы тапсырған болатын. Соған сәйкес облыста интерактивті карта құрылды. Оған қаладағы барлық әлеуметтік нысанды енгізіп, қоғаммен кері байланыс орнаттық. Десе де ол карта қағаз жүзінде ыңғайлы болса да, іс жүзіне келгенде ақсап тұрды. Қомақты қаржы мен уақытты талап ететін жұмыстарға қоғам болып бірлесе жұмылуымыз тиіс. Бүгінгі кездесуде ашық әңгімелесіп, мәселені ортаға салып, бірге шешу жолын қарастарайық, – деді С.Шәпкенов.

«Біз де адамбыз» ҚҚ басшысы Гүлназ Қосмурзиева « Кедергісіз Атырау» жобасы аясында мемлекеттік органдар өкілдерінің, депутаттар мен белсенді азаматтардың қатысуымен жоба еріктілері 49 мониторинг жүргізіп, 412 нысан қарағанын айтты.

– Осы ретте кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, қорытындысы бойынша 10-нан астам нысан иесі өз ғимаратын бізге ыңғайлы етті. Қалғандары қолжетімді ортаны ұйымдастыру бойынша кеңес алып жатыр. Менің ойымша, бұл әркім өзінің жеке азаматтық жауапкершілігін сезінетін қоғамның үлгісі. Осы орайда басқа да кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдарды бізді қолдауға шақырамыз, – деді Г.Қосмурзиева.

Жиында Атырау қаласындағы нысандардың 80%-дан астамы мүмкіндігі шектеулі тұрғындар үшін қолжетімсіз екені айтылды. Сонымен қатар инклюзивтілікті дамыту үшін жағдай жасау, стандарттарға сәйкес келмейтін пандустарды ауыстыру мәселесі талқыланды.

Кейін жиынға қатысушылар әр топқа бөлініп, обьективті, рефлекторлық, интерпретациялық және ынталандырушы сұрақтарға жауап берді.