Қоғамдық орында төбелескендер қамауға алынды
21 шілде күні кешкі сағат 23:15 шамасында №1 қалалық полиция бөліміне Атырау қаласы М.Әуезов көшесі бойында орналасқан көп қабатты пәтерлердің бірінің алдында белгісіз ер адамдардың төбелесіп жатқаны бойынша хабарлама түскен…
Аталған хабарлама бойынша учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнына келіп, тексеріс жұмыстарын жүргізу кезінде бұзақылық жасаған азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қарсылық танытқан. Алайда, тәртіп сақшылары қоғамдық орындарында бұзақылық жасаған азаматтарды №1 учаскелік полиция пунктіне жеткізген.
Қазіргі таңда 1985 ж.т., 1986 ж.т., 1987 ж.т., 1988 ж.т. және 1991 ж.т. азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1, 2-бөлімдері және 667-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама жасақталып, сот шешімімен 5 күннен — 20 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.