«Тіліміздің дүбәрә болуына осындай сайқымазақтар кінәлі…»

Тұрсынбек Қабатов бастаған шоу-жұлдыздар тағы да сынға ұшырады

«1 минутқа жетер-жетпес уақытта 20 орыс сөзін қосып үлгерді мына жігіт. Қай тілде сөйлеп тұрғанын, қай тілді дәріптеп жүргенін түсінудің өзі қиын тіпті. Қарап отырып «сен не шисто орысша сөйле, шисто қазақша сөйле» дегің келеді екен.))»

Бұл – Mukhtar Tumenbay атты Facebook қолданушысының жазбасы. Ол әлеуметтік желіге танымал әзілқой Тұрсынбек Қабатовтың видеосынан үзінді салып, қазақшаға аралас айтылған орыс сөздеріне қарсылығын білдірген.

«Тіліміздің дүбәрә, шұбалаңқы болуына осы тәрізді сайқымазақтар да айтулы үлес қосып жүр. Оларға еліктеп жайдарманшылар шықты, «короче», «обшым», «еще дабай» деп. Әнші сымақтар да қалысар емес, «Сен менің королевамсың, мен сенің королің болам» деп шыңғырып. Бұларды және осы лексикасымен орталық эфирден көрсететінін қайтерсің.
Нағыз шала қазақтар осылар. Ал сендердің айтып жүргендерің шала қазақтар емес, шала орыстар. Әр нәрсені өз атымен атау керек.» дейді автор одан әрі.