Әскери қызметшілер мамандық бойынша дайындықты бастады

Жазғы оқу кезеңі басталысымен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде мамандық бойынша оқу басталды, оның барысында 2500-ден астам әскери мамандар даярлау жоспарлануда. Бұл туралы ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі хабарлады.

Сабақтар осы жылдың маусым айының соңына дейін өтеді. Барлығы Атырау, Ақтөбе және Ақтау гарнизондарында 200 оқу тобы құрылып, 400-ден астам тәжірибелі нұсқаушылар іріктеліп тағайындалды. Сабақтарды өткізу үшін қажетті оқу-материалдық база дайындалды.

– Мамандық бойынша дайындық барысында әскери қызметшілерге штаттық қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін игеру, оларды оқу-жаттығулар кезінде пайдалану, атқаратын лауазымдарына сай функционалдық міндеттерді оқып-үйрену тапсырмалары қойылды, – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары полковник Болат Дюсембаев.

Дайындық барысында оқу тренажерлерінде және жаттығу алаңдарында өткізілетін практикалық сабақтарға ерекше назар аударылады. Оқу материалын меңгеру деңгейін анықтау үшін айдың аяғынды оқытылған әскери қызметкерлермен оқу пәндері бойынша бақылау сабақтары өткізіледі.