Атырауға «Hayat-Vax» вакцинасының 7500 дозасы жеткізілді
Атырауға Біріккен Араб Әмірліктерінде жасалған Sinopharm компаниясының вакцинасы жеткізілді. Бұл туралы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
11 мамырда аймақтың алғашқы тұрғыны «Hayat-Vax» вакцинасын алды. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, препарат сертификатталған және ерікті негізде вакцинациялауға арналған.
– Біздің облыста халықты жаппай вакцинациялау жалғасуда. Жақында аймаққа БАӘ шығарған «Sinopharm» компаниясының «Hayat-Vax» вакцинасының 7500 дозасы жеткізілді. Алғашқы 200 дозаны «Медикер Жайық» ЖШС-не жібердік, қалған дозалар қазіргі уақытта қоймада сақталуда және вакцинация пункттері бойынша үлестірілетін болады, – деді Асхан Байдуәлиев.
Осылайша, қазіргі уақытта Атырау облысының егу кабинеттерінде «Qazvaс», «Спутник V» және «Hayat-Vax» вакциналары қолжетімді.
Естеріңізге сала кетейік, «Hayat-Vax» вакцинасының 1 млн. дозасы «Самұрық-Қазына» қоры арқылы сатып алынды. Аталған вакцина Қазақстанның барлық өңіріне жіберілмек.