Өңір экологиясы бақылауда болмақ
Азаматтардың өмір сүру сапасы мен денсаулығы экологиялық ахуалға тікелей байланысты екені белгілі. Бұл тарапта Атырау облысы мақтанарлық жағдайда емес. Былтырдың өзінде өңірде ауаны ластаған 160 жағдай тіркеліпті. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына қатысты өткен кеңесте айтты.
– Біз озық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа Экологиялық кодекс қабылдадық. Экологиялық тиімділікті арттыратын бағдарламаларды қолға алған кәсіпорындар қалдық шығарғаны үшін төленетін ақыдан босатылады. Бұл саладағы қолжетімді технологияның ең таңдаулысы мұнай-газ кәсіпорындарына енгізілуі керек. Үкімет өңірдегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, бұл мәселені мұқият бақылауға алсын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысындағы қастерлі әрі тарихи орындардың бірі ежелгі Сарайшық қаласы жайында айта келіп, оның маңыздылығы мен танымалдығын арттыру үшін заманауи туризм инфрақұрылымы қажет екенін айтты. Әкімдік Үкіметтен визит-орталық құрылысына қаражат сұраған екен. Бірақ әлі келісім алмапты. Президент Үкіметке бұл мәселені дереу шешуді тапсырды.