Экология: 4 табиғат пайдаланушы объектілері қызметін тоқтатты
2020 жылы Атырау облысы бойынша экология департаменті табиғат пайдаланушыларға 83 тексеру жұмысын жүргізді. Тексерулер нәтижесінде 244 Қазақстан Республикасының экологиялық заңнама талаптарының бұзылуы анықталды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департаменттің Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы А.Насиловтың мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтар бойынша 95 әкімшілік іс қозғалып, оларды қарау қорытындысымен жалпы құны 96 017 000 теңге болатын әкімшілік айыппұлдар салынған.
– Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының бұзылуын жою туралы жалпы құны 1 184 995 111 теңгелік 64 нұсқама берілді. Мысалы, «Теңізшевройл» ЖШС-нің қоршаған ортаға ластаушы заттар шығарындыларын, оның ішінде алау қондырғыларында газ жағу салдарынан нормативтен тыс эмиссиялар жүзеге асыру деректері бойынша 145 988 808 теңге, 60 985 880 теңге және 519 477 172 теңге көлемінде нұсқамалар ұсынылып, өндірілді, – дейді А.Насилов.
Бұдан басқа, өткен жылы сот органдарына Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге де қызметтi тоқтата тұру туралы талап-арыздар ұсынылған. Және заңнама талаптарын бұзуға жол берген 4 табиғат пайдаланушы объектілерінің қызметін тоқтату туралы сот шешімдері шыққан. Мысалы, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның тарапынан жол берілген ластаушы заттардың сарқынды суда белгiленген шоғырлану нормативтерiн асыру деректері бойынша сот шешімдері қабылданып, заңды күшіне енді.