Шекарада қоршау орнату жұмыстары жүргізілуде
Биыл 14 сәуірде Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында Қазақстан мен Ресей шекарасында жаңа шекаралық қоршау салу жұмыстары басталды. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде қол қойылған «Қазақстан–Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімі» бойынша екі ел арасында шекара белдеуі орнатылуда. Ал демаркациялық жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Шекара аумағында жаңа қоршаулар тұрғызу жұмыстарын «2016» әскери бөлімі жүргізуде.
– Бұл жұмыстар қазір емес, бұрын басталуы тиіс еді, бірақ әртүрлі себептермен жүргізілмей келді. Тек биылғы жылдың 14 сәуірінде шекарашылар құрылыс жұмыстарына кірісті. Шекара қоршауы жұмыстары жүргізілмес бұрын, 13 сәуірде әкімдік, шекара қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдері Көптоғай ауылының тұрғындарымен кездесіп, жұмыстардың заңдылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген еді. Сондай-ақ шекара қызметі мен құқық қорғау органдары да жасалып жатқан жұмыстардың заңдылығын ұғындырды, – деді Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мұрзиев.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері түсіндіргендей, 2013 жылдың мамыр айында орнатылған №23 және №24 шекаралық белгілер арасындағы металл қоршаулар РФ аумағына 10-70 метрге дейін еніп кеткен. Қазіргі уақытта көрші ел аумағында орналасқан ұзындығы 1 800 метр қоршауды тұрғызу үшін Көптоғай ауылында инженерлік жұмыстар жүргізіледі.