Қала тіршілігі жіті қадағаланады
Халық пен билік арасына алтын көпір орнату үшін жүзеге асқан бірегей жобаға 1 жыл толды. Жоба алғашында төтенше жағдайды қамтамассыз ету жөніндегі өңірлік штабтың call-орталығы ретінде жұмыс істеді.
Өткен жылдың наурыз айынан бастап, бүгінге дейін бірыңғай байланыс орталығына тұрғындардан 500 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. «109» байланыс нөмірі былтыр 7 қыркүйекте ресми түрде іске қосылды. Сол уақыттан бері қала тіршілігіне қатысты 50 мыңға жуық өтінім қабылданды. Сұрақтардың бәрі автоматты түрде тіркеліп, бақылауға алынады. Кейін өңделеді. Орталықта 33 адам еңбек етеді. Халықтан түскен өтініштерді 8 диспечер мен 20 оператор тіркеуге алады. Олар үзіліссіз 4 ауысыммен жұмыс істейді.
– Тұрғындардан қоңырау көптеп түсіп жатыр. Біз құзіретімізге сай, халықтан келген өтініштерді жауапты сала өкілдеріне жедел жеткіземіз. Сұрақтың өзектілігіне байланысты кейде тексеру жұмыстары болады. Бұл процесс біраз уақыт алуы мүмкін. Осы кезде түсініспеушілік туындайды. Бірақ кері байланыс ретінде өтініш қалдырған тұрғынға міндетті түрде жауап қайтарылады. Проблеманың өзектілігіне орай, жауапты органдарға ұсыныс беріледі. Қазіргі уақытта қала бойынша 37 мекемемен тығыз байланыста қызмет атқарудамыз, дейді – Бірыңғай байланыс орталығының қызметкері Гүлдәурен Тілегенова.
Бірыңғай орталыққа өтінімдер 109 қысқа нөміріне тегін қоңырау шалу арқылы және мобильді қосымшалар мен электронды пошта (109@scatyrau.kz), Теlegram бот (@atyrau_109_user_bot) желісі мен atyrau.komek109.kz ашық порталы арқылы, сондай-ақ, әлеуметтік желідегі atyrau_109 парақшасынан қабылданады.