Әлем - 17.03.2021

Коронавирустан қорғайтын антиденесі бар бала дүниеге келді

АҚШ-та қанында COVID-19-дан қорғайтын антиденесі бар бала туды. Бұл туралы Tengrinews.kz OltNews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Флорида штатының Бока-Ратон қаласындағы педиатрлар Пол Гилберт пен Чэд Рудник баланың анасы денсаулық сақтау саласы қызметкері екенін және қаңтар айында, жүктіліктің 36-аптасында Moderna вакцинасын салдырғанын айтты. Үш аптадан кейін әйел дені сау қызды дүниеге әкелді.

Зерттеушілер бала туғаннан кейін бірден кіндіктен қан сараптамасын алып, нәрестеден тек анасы арқылы берілетін антидене тапты.

Мамандардың айтуына қарағанда, нәрестедегі антидене тек вакцинация нәтижесінде пайда болған, өйткені босанғанға дейін анасының коронавирус сынақтары теріс нәтиже берген, яғни антидене оның қанында табиғи түрде пайда бола алмады.

– Біздің білуімізше, бұл – вакцинациядан кейін антиденесі бар баланың дүниеге келуі туралы дүние жүзіндегі алғашқы хабарлама. Осылайша, ананы вакцина салу арқылы SARS-CoV-2 жұқтыру қаупін азайту мүмкіндігі бар. Бұл бір кішкентай жағдайдан кейін алдағы бірнеше айда вакцинация алған аналардан мыңдаған сәби дүниеге келеді, – деді дәрігер Гилберт.

Бұған дейін Сингапурда да осындай жағдай тіркелген, бірақ баланың анасы вакцина дозасын алмаған. Кейінірек ғалымдар жүкті әйелдер COVID-19 антиденелерін балаларға бере алатынын анықтады.