Белгілі академик Мұфтах Диарұлы дүниеден озды

ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, академик Диаров Мұфтах Диарұлы өмірден өтті.

Мұфтах Диарұлы – кеңестік және қазақстандық геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі.
1978–1992 жылдары ҚазКСР ҒА Мұнай және табиғи тұздар химиясы институтының зертханасын басқарды. 1992–1997 жылдары ҚР ҰҒА Батыс бөлімінің академик-хатшысының орынбасары. 1997 жылдан бастап «Атырау — ғылым» АҚ вице-президенті қызметін атқарды.
Каспий маңы ойпатында бор және бор-калий тұздарын іздеу мен барлау мәселелерімен айналысты. Минералды тұздарды барлау әдістемесін жасады. Сатимола, Индер ірі кен орындарының ашылуына қатысты.

Ардақты ақсақал өңірдегі экологиялық проблемаларды шешуге белсене араласты. Ол жерлестерінің саф ауамен демалып, таза жерде тынығуын қалады. Академиктің «Мен бір күні атыраулықтар таңертең ұйқысынан оянбай қала ма деп қорқамын» деген сөзі бүгінде жұрт жадында.