Облыс әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов активке ҚР Президентi Әкімшілігі келісімімен тағайындалған жаңа орынбасары Таушов Нариман Бахытұлын таныстырды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары болған Әжіғалиева Айгүл Теміртасқызы мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу қағидаларына енген өзгерістерге сәйкес, ҚР Президентi Әкімшілігінің келісімімен Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымынан босатылды.

Нариман Таушов 1967 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Еңбекші ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын ауылшаруашылық өндірісінің экономист-ұйымдастырушы мамандығы бойынша үздік бітірген. Сондай-ақ, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 1993 жылы Орал каласы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының салық инспекторы болып бастаған. 2020 жылғы наурыздан бастап бүгінге дейін Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымында еңбек етіп келді.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Салық қызметінің үздігі төсбелгісімен марапатталған.

Нариман Бахытұлы, сондай-ақ, ауған соғысының ардагері. 1987 жылы  «Ауған халқынан алғыс», 1988 жылы «Үздік жауынгерлік қызметі үшін», 2003 жылы «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерін шығарудың 15 жылдығы» медальдарымен наградталған.