Сурет байқауына 500-ге жуық оқушы қатысты

23 ақпан мен 5 наурыз аралығында Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен «Менің анам – дәрігер» тақырыбындағы сурет байқауы өтті. Бұл туралы облыстық білім басқармасы хабарлады.
Байқауға мектеп оқушыларынан 500-ге жуық сурет келіп түсті.

Сурет байқауына облыстың 1-ден 8-ші сыныпқа дейінгі жоғары және орта деңгейлі медицина қызметкерлерінің балалары қатысты.

Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды И.Тайманов атындағы орта мектептің 4 «Ж» сынып оқушысы Азамат Самиголла иеленсе, 2-орын ІТ мектеп-лицейінің 8 «А» сыныбының оқушысы Жалғас Сапаевтың суретіне берілді. 3 орынды Құлсары қаласы Жылыой ауданындағы М. Сатыбалдиев орта мектебінің 2-сынып оқушысы Арсен Бағытжан жеңіп алды.

Облыстық балалар ауруханасында өткен жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев қатысып, жас суретшілерге сәттілік тіледі.

– Бүгінгі күні пандемияға байланысты медициналық мамандық бүкіл әлемде бұрын-соңды болмаған сұранысқа ие. Сондықтан дәрігерлер мен медбикелердің қоғамдағы беделін мектеп қабырғасынан бастап көтеру өте маңызды. Дәрігерлердің балалары өз уақытының көп бөлігін жұмыста, науқастардың өмірін сақтаумен өткізетін аналарымен мақтанғанын қалаймыз, – деді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.