Мұғалімдерді вакцинациялау басталды

Кеше Атырауда мұғалімдерге екпе салу басталды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Алғашқылардың бірі болып екпе алғандардың қатарында Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова, №16 Ж.Қаражігітов атындағы мектеп-лицей директоры Алмабек Абдолов, № 20 Пушкин атындағы орта мектеп-лицейінің директоры Гүлнар Қожахметова,  IT мектеп-лицейі директорының орынбасары Айгүл Сейітова бар.

– Кез-келген індеттен қорғанудың, алдын алудың бір жолы – вакцина. Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан, емхана дәрігерлері де екпенің пайдасы, оның әсері туралы біраз ақпараттар берді. Ең бастысы екпе аурудың асқынуынан қорғайды. Екпе алған соң қорқынышсыз жүруге болады. Жақындарымның амандығы үшін де вакцина алдым, – дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.

Атырау облысында білім беру саласында 11 мыңнан астам қызметкер бар. Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыстың білім саласының қызметкерлеріне 2 000 доза «Спутник V» екпесі келді.

Вакциналау екі кезең бойынша өтеді. Алғашқы компонентін алған адамға 21 күннен кейін екінші дозасы салынады.