Сәуірден бастап зейнетақыны есептеу жүйесі өзгереді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 1 сәуірден бастап ай сайынғы төлемді есептеу әдістемесінің өзгеретінін жариялады.

Бүгінде БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері үкімет қаулысымен анықталады. Оған сәйкес, бір айлық төлемнің көлемі зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігін құрайды және ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайыздан кем болмауы тиіс.

Ал 1 сәуірден бастап ай сайынғы төлемді есептеу әдістемесі өзгереді. Атап айтқанда, алдымен зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасын жинақтың мөлшерлемесіне көбейтеді. Одан кейін 12 айға бөледі. Осылайша, бір айлық төлемнің мөлшері шығарады.

– Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін зейнетақы төлемдерін 5 пайызға индекстеу мөлшерлемесіне жыл сайын арттыру жолымен қайта есептелетін болады, – дейді қор мамандары.

Мәселен, зейнетақы жинақтарының сомасы 6 000 0000 теңге болып тұр. 1 сәуірден бастап алғашқы жылдың зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы: 6 000 000*6,5%=390 000 теңге болады. Ал ай сайынғы төлемінің мөлшері (390 000/12 ай) 32 500 теңге болады. Екінші жылда оның көлемі 5 пайызға өседі де, 34 125 теңгеге дейін көтеріледі.

– Бұдан бөлек, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесінде белгілі бір санаттарға жататын, яғни мерзімсіз уақытқа белгіленген I немесе II топтағы мүгедектігі бар, сондай-ақ, жинақтары міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен кемінде алпыс ай жинақталатын зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген алушылар үшін түзетілетін арттыру коэффициенттері көзделген, – делінген ресми хабарламада.