Облысқа наурыз айында «Спутник V» вакцинасының 7,5 мың дозасы келеді

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың 8 санатын вакцинациялауды ұсынды.

Олардың ішінде:

1) медицина қызметкерлері, бірінші кезекте инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық көмектің, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қабылдау бөлмелерінің персоналы, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері;

2) педагогтар;

3) учаскелік полицейлер;

4) студенттер;

5) медициналық – әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің персоналы мен контингенті;

6) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар қызметінің, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері;

7) Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының контингенті, мемлекеттік қызметшілер, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық, консулдық мекемелердің қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, ұлттық құрама командалардың мүшелері;

8) созылмалы аурулары бар адамдар (қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүрек-тамыр жүйесі).

– Бүгінгі таңда Атырау облысының 650 мың азаматының 59 мыңы осал топтардың 8 санатына жатады.

«СК Фармация» компаниясының алдын ала ақпараты бойынша, наурыз айында өңірге вакцинаның 7,5 мың дозасын, ал сәуір айында тағы 30 дозасын жеткізу жоспарланып отыр, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта Теңіз кен орнында жұмыс істейтін қызметкерлерді вакцинациялау мәселесі пысықталуда.