Көктайғақпен күрес жұмыстары қалай жүруде?

Бірнеше күннен бері өңірде қар жауып, аяз тұрып, көше мен жүргінші жолдары көк мұзға айналды. Осындай көктайғақ күндері жүргіншінің қаупсіздігін қамтамасыз ету үшін коммуналды қызметке жауапты мекеме асфальт үстіне құм, тұз басқа да химиялық реагенттер себеді.

Олардың сапасы мен Атырау көшелерінің қардан қаншалықты тазартылып жатқанын тексеру үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ «Сапалы жол» жобасы аясында «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, Антикор орталығы және Атырау қалалық ТКШ, ЖТ және АЖ бөлімі өкілдерімен қалаішілік жолдарды қардан тазалау жұмыстарына мониторинг жүргізді.

Атырауда ақпан айының ортасынан бері әлсін-әлсін жауған қар жолшылардың жұмысын екі еселеді. Орталық мамандары қыстың соңғы айында жоспарға сәйкес республикалық жолдардың күтімін қарау үшін 9 рет тексеріске шықты. Ал 18–20 ақпан аралығында көктайғақ салдарынан жабылған жолдардың жай-
күйін және қалаішілік жолдардағы қардан тазалау жұмыстарын бақылады.

Қала көшелеріне шыққан мониторинг топ қала халқына коммуналдық қызмет көрсететін «Арнаулыавтобаза» ЖШС жұмысымен танысты. Қалаішілік жолдарға 6 тоннадан астам ресейлік  химиялық қоспа себілген. Алайда серіктестік басшысының мәліметінше, оның сапасы күткеннен төмен болыпты. Сол себепті қазір Индерден әкелінген тұз пайдаланылуда.

Мониторинг кезінде тұзға құм  қосылмағаны анықталды. «Жол активтерінің үлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Бекбол Мұқашовтың айтуынша, тұз пайызының аса көп мөлшерде болуы асфальт жабындысына зиян.
– Жақсы, сапалы жол бізге жаз мезгілінде де керек. Сондықтан қар, мұзға қарсы себілетін қоспалардың стандартқа сай болғаны дұрыс. «Арнаулыавтобаза» ЖШС мен біздің орталық арасында келісім-шарттың болмауына байланысты зертханалық тексеріс жүргізе алмаймыз. Егер келісім-шарт жасалған жағдайда біз жолды қысқы күтіп ұстау жұмыстарын және пайдаланылып жатқан қоспалардың сапасын тексереміз. Мониторинг кезінде көргендеріңіздей құм-тұз қоспаларын пайдалануда стандарттар сақталмай жатыр, – дейді ол.

Сондай ақ, орталық директорының айтуынша, қалаішілік жолдарға көктайғақ кезінде пайдаланылатын химиялық қоспалардың зертханалық қорытындыға сай сертификаты бар-жоғын тапсырыс беруші Атырау қалалық Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі талап ету қажет.