Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар сотталды

Атырауда букмекерлік кеңсе түріндегі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі анықталып, оны ұйымдастырғандар сотталды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі агенттігі хабарлайды. 

– Атыраудағы төрт мекенжай бойынша «Э-БК» ЖШС букмекерлік кеңсесі түріндегі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі анықталды. Нысанды тексеру кезінде 17 процессор, 16 монитор, 32 теледидар, чек шығаруға арналған 14 термопринтер мен 1,2 миллион теңге тәркіленді, – деді агенттік өкілдері.

Атырау сотының үкімімен қаланың екі тұрғыны Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі, 307-бабы 3-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсына төрт жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Алынған заттай дәлелдемелер мемлекет кірісіне айналдырылды.