Облыста қылмыс деңгейі 38 пайызға төмендеді

Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін беру кезінде айтты.

– Өткен жылы 2019 жылмен салыстырғанда қылмыс деңгейі 38% — ға төмендеді. Қылмыстық құқық бұзушылықтар деңгейі 36,5%-ға, аса ауыр қылмыстар – 2%-ға, ауырлығы орташа және жеңіл қылмыстар – 51% — ға, жол-көлік оқиғалары – 24%-ға төмендеді, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, оның сөзінше, басқару орталығының бейнекамераларының көмегімен 286 қылмыс, оның ішінде 133 ұрлық ашылып, 17 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Сондай-ақ, адамдар көп жиналатын жерлерде 6 модульдік полиция бекеті мен облыс бойынша қосымша 10 стационарлық бекет орнатылған.

Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов бұған қоса, биыл облыс аумағында тағы 10 стационарлық бекет ашылатынын жеткізді.