Түрмелерге арыз-шағым қабылдайтын терминалдар орнатылды

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты мекемелерге арыз-шағым қабылдауға арналған терминал орнатылды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Сотталғандар саусақ ізі арқылы құқық қорғау органдарына шағым немесе өтініш қалдырып, үш күн ішінде жауап алатын болады. Айта кету керек, арыз-шағым терминалының орнатылуы Атырау облыстық Прокуратурасымен бірлесіп жүргізілді.

– Терминал сотталғандарға қол жетімді жерге қойылды. Сотталғандар жіберген арыз-шағымдар бірден прокурорға немесе өзге де құқық қорғау органдарына түседі. Яғни, мекеме әкімшілігі араласа алмайды. Мәселен, азаптауға қатысты арыз-шағымдар сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметіне жолданса, қызмет өкілеттіктерін асыра пайдалануға қатысты шағым полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік бөлімшесіне жіберіледі. Шағым немесе өтініш түсірген сотталғанның жеке басын анықтау саусақ іздері арқылы іске асырылады. Бұған қоса, шағымды қарау және шешім қабылдау процесін онлайн бақылауға мүмкіндік бар, – дейді Атырау облысы бойынша ҚАЖД бастығы Манарбек Габдуллин.

Барлық мекемедегі жазасын өтеушілерге терминалды қолдану тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ, арыз-шағымдарды мекемелердің сенім телефоны арқылы қалдыруға болады.