Құрманғазы ауданында балық өндірісі дамуда
Құрманғазының Бірлік ауылында балық өндеу цехы салынды.
Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл туралы өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін берген Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев айтты.
– Осыған дейін ауланған балықтардың басым бөлігі шетелдерге мұздатылған, салқындатылған, қатырылған, кептірілген күйінде өңделіп еуростандартқа сай жөнелтіліп келген еді. Балықты өңдеу, тоған шаруашылығын дамыту мақсатында «Каспий — Балық» өндірістік кооперативі Ресейден инвестор тарту арқылы, Бірлік ауылынан балық өндеу цехын салды. Жалпы құны 200 млн. теңгеге бағаланған жоба тәулігіне 30 тонна балық өндейді. Қазіргі уақытта 50 адам тұрақты жұмысқа тартылып отыр.
Балық аулау науқанында 350 тонна балық еуростандартқа сай өңделді, – деп атап өтті Қайрат Нұртаев.
Атап өту керек, есепті мерзім ішінде 3361 тонна балық Ресей Федерациясы, Грузия, Украина елдеріне экспортқа шығарылды.
Және өткен жылы 10 миллионнан астам шабақ қолдан өсіріліп, Қиғаш өзеніне жіберілген.
Нәтижесінде 1 000-нан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
– «СевКаспий ФИШ» ЖШС 2 млрд. инвестиция салу арқылы балық қорын көбейту, бекіре тұқымдас және қара балықтарының 10 милионнан астам шабақтарын қолдан өсіріп, Қиғаш өзеніне қайта жіберуді жоспарлап отыр. Және тоған шаруашылығын дамыту қолға алынады.
Бұдан бөлек, балық, егін, мал және құс шаруашылықтарын дамыту мақсатында Қиғаш өзенінде 243,55 километр болатын жанама су айдындарын (каналдар) түптереңдету және 75 шақырымдық «Кобяково — Забурунье» суару – суландыру жүйесін қайта жаңғырту жоспарлануда, – деді Қайрат Нұртаев.