Жастар робототехникадағы жетістіктерімен бөлісті

Атырауда Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 32 жыл толуына орай , әскери-патриоттық клубтар арасында онлайн-робототехника жарысы өтті.

Байқауға Атырау облысының білім беру мекемелерінің әскери-патриоттық клубтары мен «Жас сарбаз» сыныптарының 32 тәрбиеленушісі қатысты. Олар «Әскери робототехника» және «Қару-жарақтың, әскери техниканың үлгілері» деп аталатын екі номинациялары бойынша сайысқа түсіп, мерейтойға арналған арнайы макеттерімен таныстырды.

– Коронавирус пандемиясы енгізген шектеулер білім беру ұйымдарында студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Байқаудың көптеген қатысушылары робототехника, 3D модельдеу және схемотехника курстарын қашықтықта оқиды. Олардың арасында болашақта
еліміздің қорғаныс өнеркәсібіне үлес қосатындар бар екеніне сенімдімін, – деді «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Атырау облыстық филиалының жетекшісі Нұрлан Елеуов.

Байқау қорытындысы бойынша Атырау политехникалық колледжінің студенттері Темірлан Нүптоллаев пен Еламан Жанатбек «Робототехника» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Олар M-939 жүк тасымалдау жабдықтарының өзіндік моделін ұсынды.

«Қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілері» екінші номинациясы бойынша Жылыой ауданының «Жас техниктер станциясының» тәрбиеленушісі Жұмаш Дастан үздік деп танылды.

Аталмыш шара Атырау облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының алғашқы әскери және технологиялық дайындық басқармасының қолдауымен өтті.