БЗТ-ні алу бойынша 20 252 өтінім орындалды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін қазақстандықтардың шоттарына 112,3 миллиард теңгеден астам қаржы аударды.

БЖЗҚ ақпаратына сәйкес, 1 және 2 ақпанда, яғни бірыңғай зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың алғашқы екі күнінде БЖЗҚ қазақстандықтардың уәкілетті операторларда ашылған арнайы шоттарына 112,3 миллиард теңгеден астам қаржы аударды.

– Осылайша «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және «Қазақстан Халық банкі» АҚ уәкілетті операторларынан БЗТ алу бойынша келіп түскен 20 252 өтінім орындалды, – делінген ақпаратта.

Еске салайық, зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу мақсатында алу, сондай-ақ, ақшаны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кері қайтару туралы ҚР Үкіметінің қағидалары 2021 жылғы 30 қаңтарда күшіне енді.