Әлем - 02.02.2021

Трамп Нобель сыйлығына ұсынылды

Эстонияның Еуропарламент депутаты Яак Мадисон АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына ұсынды. Саясаткер Трамптың кандидатурасын соңғы 30 жылда ел басқару қызметі кезінде соғыс бастамаған АҚШ-тың тұңғыш президенті екеніне байланысты ұсынғанын түсіндірді. Бұл туралы Tengrinews.kz РИА Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

– Сонымен қатар, оның басшылығымен Таяу Шығыста тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге көмектесетін бірқатар бейбіт келісімдерге қол қойылды. Нобель сыйлығын кім алатынын көрейік, – деп жазды Эстонияның консервативті халықтық партиясының өкілі өзінің Facebook-парақшасында.

Мадисон Трампты Нобель сыйлығына ұсынған жалғыз адам емес.

– Трамптың үміткерлігін неғұрлым көп адам ұсынса, жетістікке жету мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады, – деді Мадисон.

Айта кетейік, 2020 жылдың қыркүйегінде Норвегия парламентінің өкілі Кристиан Тибринг-Гедде Нобель комитетіне Трампты бейбітшілік сыйлығына ұсыну туралы ресми өтініш жіберді. Ол өз хатында Трамп әкімшілігі Израиль мен БАӘ арасындағы қарым-қатынасты орнатуда маңызды рөл атқарғанын айтты.

Нобель сыйлығы Осло қаласында 1901 жылдан бастап жыл сайын беріледі. Нобель қорының жарғысына сәйкес кандидаттарды әр түрлі елдердің ұлттық парламенті, үкіметі мен халықаралық сот мүшелері, университет ректорлары, Норвегиялық Нобель комитетінің қазіргі және бұрынғы мүшелері мен кеңесшілері ұсына алады.