Мақатқа Қызылқоғадан 413 мың гектар жер қосылады

Қызылқоға ауданының 413 мың гектар жер телімін Мақат ауданының жер қорына қосу құжаттары облыстық жер басқармасында дайындалуда. Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин онлайн есеп беру кезінде мәлімдеді.

– Жоспар бойынша облыстың әкімдік қаулысымен жер ақпан айында қосылады деп жоспарлануда. Осы жұмыстың нәтижесінде Мақат ауданына қосымша 15 шаруа қожалығы қосылып, ауданымыздың шабындық және жайылым жерлері көбейеді. Өздерінің шаруа қожалықтарын ашамын деп отырған шаруагерлерге үлкен мүмкіндік туатыны сөзсіз. Сонымен қатар, аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен аудандағы аз қамтылған 74 отбасыға – Мақат кенті – 44, Доссор кенті – 30 азық-түлік тауарлары таратылды, – деді аудан әкімі.