Былтыр Атырауда 24 044 жаңа жұмыс орны ашылды

Атырау облысында кәсіпкерлік нысандарының саны 50 мыңнан асты. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Азамат Сәлімбаевтың мәліметінше, өткен жылы өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 50 239-ға жеткен.
– Былтыр пандемия жағдайына қарамастан өңірде шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің өсімі байқалды. Әсіресе олардың саны облыс орталығында, Индер мен Қызылқоға ауданында артты. Сондай-ақ, 55,7 мың тонна ет, 64,7 мың тонна сүт өндіріліп ауыл шаруашылығы өнімінің қоры өсті. Бұдан бөлек, мүйізді ірі қара, қой мен ешкі, жылқы, түйе саны артып отыр, – дейді Азамат Сәлімбаев.
Оның айтуынша, өткен жылы 24 044 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 15 400 тұрақты жұмыс орны бар.
– Жұмыспен қамту орталығы арқылы 25 мыңға жуық адам еңбекке араласты. Қоғамдық жұмысқа 6 357 адам орналастырылса, 663 адам әлеуметтік жұмыстарға, 16 817 адам вакантты жұмыс орындарына және 1 081 түлек жастар тәжірибесіне жіберілді. Ал «Еңбек» бағдарламасының бағыттарымен 29 231 адам қамтылды, – дейді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Азамат Сәлімбаев.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Әбдуахит Әбішевтің айтуынша, биыл 800 млн. теңгенің алты жобасын іске асыру жоспарланып отыр.
– Өңірдің өнеркәсіп өндірісі мен инвестиция көлемін арттыру – аса маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы саласына қолдау жасалады. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен Атырау қаласының әкіміне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырамын. Тұрақтандыру қоры арқылы алынған өнімдермен қала және аудан орталықтарындағы ірі сауда орындары қамтамасыз етілуі керек, – деді облыс әкімі.