Әлем - 27.01.2021

Ауруын жасырып, абақтыға қамалды

Ауру белгілерін жасырған әйел 1 жылға сотталған

Қытайға ұшар алдында коронавирустың белгілерін жасырған халықаралық әуе рейсінің жолаушысы бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Бейжің қаласының аудандық сот үкіміне сілтеме жасап хабарлайды.

Сот үкімінде 37 жастағы жолаушының әрекеті ҚХР санитарлық-эпидемиологиялық ережелерін бұзып, вирустың таралу қаупін тудырған, осылайша жұқпалы аурулардың алдын алу мен емдеуге кедергі келтіретін қылмыс жасады деп жазылған.

2020 жылғы наурыз айында 37 жастағы жолаушы әйел АҚШ-тан Қытайға халықаралық рейске шықпас бұрын вирус белгілерін, атап айтқанда дене қызуының жоғары болғанын жасыру үшін қызу түсіретін дәрі ішкен.

Бейжің халықаралық әуежайына келгеннен кейін оның коронавирус жұқтырғаны анықталды және онымен тығыз байланыста болған 60-тан астам адам карантинге жіберілді.

Соңғы ресми мәліметке сәйкес, ҚХР-да коронавирусқа шалдыққандардың 92,72% емделген.

2019 жылдың желтоқсан айынан бастап ауру жұқтырғандар саны 89,2 мыңнан асты, медициналық мекемелерде коронавирус инфекциясы бар 1 862 адам жатыр.

Соңғы 24 сағат ішінде елде бір де бір өлім жағдайы тіркелмеген.

Өлім көрсеткіші — 5,19%.