Атыраулық мектеп – үздіктер қатарында

Атырау облыстық «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты облыстар арасында үздік бестікке енді. Бұл туралы Атырау облысы Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Жуырда өткен XVІІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасының қорытындысы бойынша Қазақстан 90 медальді жеңіп алды: 13 алтын, 37 күміс және 40 қола.
Ресми мәліметтерге сүйене отырып, үздік облыстар мен мамандандырылған мектептер рейтингісі жасалды.
Рейтинг бойынша облыстар арасында үздік бестікті бастап тұрған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Атырау облысы, Павлодар облысы, Республикалық физика-математика мектебі, Нұр-сұлтан қаласы болды.
Үздік мамандандырылған мектептер рейтингісі бойынша бестікке Республикалық физика-математика мектебі, Алматы қаласының физика-математика бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі», Павлодар облысының дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебі, Атырау қаласының «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты, Нұр-сұлтан қаласының «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты кірді.
Айта кеткен жөн, Атырау қаласының «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушылары математика пәні бойынша Әділет Зауытхан алтын медальға, Айбек Мырзатай күміс жүлдеге ие болды.  Физика пәні бойынша Ризабек Алпамыс, информатика пәні бойынша Әділ Сұлтанов күміс жүлдемен марапатталса, Даурен Мәскеуғалиев  қола жүлдеге ие болды.