Қорадан 82 жастағы қарияның мүрдесі табылды
Атырау облысы, Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылында жер үйдің қорасынан 82 жастағы қарияның мүрдесі табылдв. Бұл туралы ktk.kz хабарлады.
Марқұмның денесі бұл жерде бірнеше ай жатып қалғанға ұқсайды. Жайсыз хабардан үрейленіп қалған ауылдастары ақсақалдың денесі бөлшектелген екен деп те айтып жүр.
Әзірге қарияның ажалы кімнен келгені белгісіз. Полиция сот-медициналық сараптама тағайындап, марқұмның алыс-жақын туысқандарын тегіс тергеп жатыр.
400-ден аса үйі бар Таңдай ауылына бұл күтпеген оқиға. Шағын елдімекенде өз бетінше тыныш тіршілік етіп жатқан жұрт ауыл қорасында бірнеше айдан бері қадірлі ақсақалдың мүрдесі жатыр деген үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Бірақ қария кісі қолынан мерт болды дегенге сенгілері жоқ.
Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған қария қарттық жеңіп, жасы келген соң көбінесе үйінде болған көрінеді. Оның үстіне карантин кезінде бір ауылда тұрып, бір-біріне баруды сиреткен. Марқұм 53 жастағы қарындасымен бір шаңырақтың астында тұрған екен. Ол 35 жылдан бері Таңдайдағы мектепте мұғалім болып қызмет істейді. Неге екені белгісіз, ағасының денесі қорадан табылғаннан кейін оны аяқ астынан уақытша жұмысынан шеттеткен.
Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің директоры Серік Қойбақовтың айтуынша, шеттетіп жіберудің де өз заңдылығы бар.
– Ол кісіні кінәлі деген жоқ. Куәгер ретінде деп маған қағаз беріп отыр. Бүгіннен бастап жұмысқа қоспай, шеттетеміз. Тергеу амалы бітіп, ақ-қарасын шешіп бергенше, – дейді ол.
Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалған. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Мүрдені қорадан тауып алған марқұмның туысқаны екен. Полицияға да сол хабар берген. Әзірге қария кісі қолынан мерт болды ма, әлде абайсызда болған жағдай ма, ол жағы белгісіз.