Қазақстанға ең көп инвестиция салатын мемлекеттер

 Ranking.kz сайты Қазақстанға инвестиция салатын мемлекеттердің ондығын ұсынды.

2020 жылдың бірінші жартыжылдығында коронавирус пандемиясының экономикалық әсеріне байланысты әлемде тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) 2019 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 49%-ға төмендеді.

Дағдарыстың жағымсыз салдары Қазақстанды айналып өткен жоқ.

Объективті себептерге байланысты 2020 жылдың 9 айында Қазақстанға шетелдік тікелей инвестицияның жалпы ағыны бір жыл ішінде 32,2% төмендеп, 12,6 млрд. АҚШ долларын көрсетті.

Қысқару көрсеткіші негізінен экономиканың тау-кен секторына шетелдік инвестиция ағынының негізгі бөлігін құрайтын ТШИ ағындарының төмендеуіне байланысты болып отыр.

Бұл салада ТШИ ағыны 42,1%-ға немесе 4,5 млрд. АҚШ долларына азайған.

– Әлемдік дағдарысқа қарамастан Қазақстан шетелдік инвестициялар үшін тартымды ел болып отыр. Аймақтағы шетелдік инвестициялар ағыны бойынша сөзсіз көшбасшы. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанға ТШИ ағыны шамамен 350 миллиард АҚШ долларын көрсетті. Кейінгі бес жылда Қазақстан жыл сайын орта есеппен 21,3 миллиард долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартты. Бүкіл әлемде карантин шаралары күшейтіліп, өндіріс тоқтатылған кезде Қазақстан үкіметі жобалардың тоқтап қалуына жол бермей, жаңа инвесторларды тарту жағынан уақтылы шараларды қабылдады. Осылайша, 2020 жылы 3 800-ден астам жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 1,3 миллиард АҚШ долларына 25 ірі инвестициялық нысан пайдалануға берілді, – дейді Ranking.

Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанға инвестиция салатын мемлекеттердің ондығына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей, Ұлыбритания, Бельгия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея мен Кипр кіреді .