Мақатта жел электр стансасы салынуда

Атырау облысында жел электр стансасының құрылысы басталды.

Баламалы қуат көзін өндіретін құрылғы Мақат ауданында салынып жатыр. Оған 500 гектар жер учаскесі бөлінген. Жобаның инвесторы – «Дивитэл» ЖШС.

Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, жоба құрылысы 2022 жылы аяқталмақ. Қазір оған 12 адам жұмысқа тартылған. Жоба іске іске қосылғаннан кейін 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Желден энергия өндіретін 24 қондырғы орнатылады. Оның әрқайсысы 2 МВт болатын қуат өндіреді. Жел турбиналарының биіктігі –106, ебелек (винт) ұзындығы – 43 метр.

– Энергия ресурстарын үнемдеу жолында ауданда бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал бұл жоба баламалы энергия көздерін өндіретін болады. Мамандар осы жобаны бастамас бұрын арнайы талдау жасап, тәжірибеден өткізді. Жел электр стансасы ауданды электр қуатымен толық қамтуға мүмкіндік береді, – дейді аудан әкімі Шәкір Кейкин.