Теміржол билеттері қымбаттайды

Елімізде наурыздан бастап барлық бағыттағы әлеуметтік маңызы бар облысаралық және қала маңындағы теміржол билеттері қымбаттайды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ хабарлады.

– Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялауға арналған шарттарға сәйкес, 2021 жылғы 1 наурыздан бастап облысаралық және қала маңындағы қатынастардағы барлық әлеуметтік маңызы бар бағыттарға теміржол билетінің құны 7%-ға артады, – делінген ресми хабарламада.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ресми сайтында көрсетілген мәліметке сәйкес, республика бойынша 166 бағытта жолаушылар мен қала маңындағы пойыздар жүреді. Олар мемлекет тарапынан судсидияланатын әлеуметтік маңызы бар 106 пойыз.

Соның ішінде 9 мемлекетаралық бағдар бар:

— 21 бағдар бойынша өзге теміржол әкімшілігінің пойызы;

— 20 бағдар жекеменшік тасымалдаушыларға тиесілі;

— 9 бағытта «Тальго» вагондарынан тұратын коммерциялық пойыздар. Олар: №29/30 Алматы – Атырау, № 51/52 Алматы – Орал, №69/70 Алматы – Өскемен, №71/72 Алматы – Түркістан, №92/91 Нұр-Сұлтан – Қызылорда, №95/96 Нұр-Сұлтан  – Орал, №702/701 Нұр-Сұлтан – Алматы, №712/711 Нұр-Сұлтан – Шымкент;

— 10 бағытта кәсіпорындар мен ұйымдар тапсырысы бойынша жүретін пойыз.