Былтыр қазақстандықтарға 366 миллиардтан астам жәрдемақы төленген

2020 жылы қазақстандықтарға мүгедектікке және асыраушысынан айырылуына байланысты 366 миллиард теңгеден астам жәрдемақы төленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы алатындар саны шамамен 525 мың адамды, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатындар 166 мың адамды көрсетіп отыр.

– 2020 жылғы қаңтар–желтоқсан айларында республикалық бюджеттен 366 миллиард теңгеден астам жәрдемақы, оның ішінде мүгедектігі бойынша 291 миллиард теңге, асыраушысынан айырылуына байланысты 75 миллиард теңге төленді, – делінген ведомствоның сайтында.

Мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, сондай-ақ, тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Мәселен, былтыр 1 сәуірден бастап жалпы аурудан болған I топтағы мүгедектерге 62 723 теңге, II топқа – 49 983 теңге, III топқа – 33 975 теңге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 45 736 теңге төленді.

Асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін жәрдемақы қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санын, қайтыс болу себебін және ең төменгі күнкөріс деңгейін ескере отырып есептеледі.

Мысалы, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап асырауындағы бір адам үшін жәрдемақы 28 095 теңге, ал екі адам үшін 48 676 теңге болды.