Бас мүфти биылғы атқарылмақ жұмыстардың жеті бағытын бекітті

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өтіп жатқан Діни басқарманың кеңейтілген Төралқа мәжілісінде 2021 жылы атқарылатын жұмыстардың жеті бағыты бекітілді. Бұл туралы amin.kz хабарлады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бағдарламалық баяндамасында жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық берілетінін жеткізді. Олар – ?ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс.

Ақпарат және қоғаммен байланыс бағыты бойынша бұқара халыққа сенімді діни ақпарат беруге назар аударылады. Уағыз-насихат бағыты бойынша атқарылатын жұмыстар дәстүрлі Ханафи мазһабы мен Матуриди сенім мектебі аясында насихатталады. Сонымен қатар қасиетті Құран мен хадис негізінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Қайырымдылық бағыты бойынша әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетілсе, оқу-ағарту және кадрлық әлеует бағыты бойынша ҚМДБ-ға қарасты жоғары және орта діни оқу орындарының сапалы кадр даярлау ісіне бақылау-қадағалау жұмыстары жүргізіледі.

Ихсан ілімі бағыты бойынша әдеп қағидаларына негізделген кітаптар шығарылса, дін мен дәстүр бағыты бойынша салт пен дін қағидаларының сабақтастығы жан-жақты насихатталады.
Жат діни ағымдармен жұмыс бағыты бойынша деструктивті жат ағымдар шырмауына іліккен азаматтарға жеке түсіндіру іс-шаралары жүзеге асады.

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Төралқа мәжілісінде аталған жеті бағыт бойынша жасалған жұмыстың ай сайынғы есебі тыңдалатынын айрықша атап өтті.