Қатты желдің зардабы

Атырауда қатты желден тұрғын үйлердің шатыры ұшты.
Кеше, 13 қаңтарда «Қазгидромет» РМК Атырау облысының кей жерінде аздаған қар жауып, желдің ұйытқуы 25 м/с-қа дейін жететінін ескерткен еді. Осыған орай Атырау қаласы мен аудандар әкімдігіне дауылды ескертуге байланысты қажетті шараларды қабылдау туралы ақпарат, ұялы байланыс операторлары арқылы халықты смс-хабарландыру жіберілген.
– Бүгін, 14 қаңтарда Атырау қаласында желдің ұйытқуы 18-19 м/с-қа жетіп, тұрғын үйлердің шатырын ұшырып әкетті. Таңғы сағат 07:10-да Call-орталыққа «Нұрсая» ықшамауданында шатырдың құлау қаупі туралы хабарлама түсті. Құтқарушылар №84-ші үйдің 72 шаршы метр шатыры қайырылып, қалған бөлігінің құлағанын анықтады. Ал сағат 08:22-де Азаттық даңғылындағы №77 үй шатырының құлау қаупі төнді, – деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, бүлінген шатырлардың конструкцияларын нығайтқан. Көлік жолына түскен шатырларды жинақтап, тұрғындардың өміріне төнген қауіпті дереу жойған.