Қайыршылықпен айналысқандар анықталды
Қайыршылықпен айналысқан 6 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Атырау қаласы аумағында учаскелік полиция қызметкерлерімен қоғамдық орындарда азаматтарға мазалап тиісу, бал ашу, қайыршылық және өзге де құқықбұзушылықты анықтау, жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Мысалы, 7 қаңтар күні Ақ депо ықшамауданында орналасқан №9 мектептің тұсында 52 жастағы қала тұрғынының қайыршылықпен айналысқаны анықталып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілді.
Одан басқа, жасалған ескертулерге қарамастан, осы құқықбұзушылықты қайталап жасаған 2 тұлға анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлдар салынды.
Еске сала кетсек, өткен 2020 жылы дәл осындай құқықбұзушылықтарды жасаған 814 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.