Жас математиктер – халықаралық сайыстың жеңімпаздары

Елімізде Ә. Жәутіков атындағы математика, физика және информатика пәндері бойынша XVII Халықаралық олимпиадасы өткен. Бұл туралы Атырау облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Білім-Инновация» лицейінің математика пәнінің мұғалімі Әділет Райысовтың айтуынша, әлемдік пандемияға байланысты онлайн форматында өткен жарысқа Түркия, Греция, Тәжікстан, Ресей, Румыния, Әзірбайжан, Болгария сияқты елдерден 990 дарынды оқушы бақ сынады. Облысымыздан олимпиадаға 7 оқушы қатысып, соның ішінен 5 оқушы жүлделі орын иеленді.

– Халықаралық олимпиада үш пәннен өткізіледі. Мұндағы ереже бойынша әр облыстан бір команда құралады. Біздің оқушылар тек бір ғана олимпиадамен шектелмейді, тағы басқа олимпиадаларға  қатысады. Балалардың 7 сыныптан бастап өзі қалаған олимпиадаға қатысуына мүмкіндік бар. Олар әр додаға тыңғылықты дайындалады, – деді Әділет Райысов.

Математика пәні бойынша алтын медальға Әділет Зауытхан, күміс жүлдеге  Айбек Мырзатай ие болды.  Физика пәні бойынша Ризабек Алпамыс пен информатика пәні бойынша Әділ Сұлтанов күміс жүлдемен марапатталды. Ал Даурен Мәскеуғалиев қола жүлдеге ие болды.