Әлем - 05.01.2021

Түркия ғалымдары 10 секундта коронавирусты  анықтайтын тест ойлап тапты

Ғалымдардың айтуынша, тест вирустың бар-жоғын  99% дәл анықтайды. Бұл туралы euronews ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дереккөздің мәліметінше, Түркия ғалымдары коронавирусты небары 10 секундта анықтайтын тест түрін нанотехнологиялардың көмегімен жасап шығарған. Басқа ПТР-тесттердей емес, бұл зерттеу кезінде адамның сілекейі арнайы сұйықтықпен араласып, инфекцияны анықтау үшін ерекше микрокесте пайдаланылады.

– Осылайша, вирус он секунд ішінде табылады. Ал вирус жоқ болса, тест 20 секунд ішінде нәтиже береді, – деп хабарланған Bilkent университетінің жанындағы Ұлттық нанотехнологияларды зерттеу орталығының мәлімдемесінде.

Университет ректоры Абдула Аталар жаңа тесттің құрылымын және тест вирусты қалай анықтайтынын түсіндірген.

– Коронавирус дегеніміз диаметрі 150 нанометр болатын инфекцияның бөлшегі, ал UNAM орталығының мамандары ұзақ жылдар бойы нанобөлшектерді зерттеп келеді. Бұл дәл осы ғалымдардың мамандығы. Түркияда коронавирус тіркелді деген жаңалықты ести сала, орталық ғалымдары осы жобаны бастаған еді, – дейді ректор.

Қазір ғалымдар алдағы екі ай ішінде осы тест түрін жаппай айналымға шығару үшін Түркия билігі рұқсат береді деген үмітте.