Димаш АҚШ президентін ұлықтау апталығының ашылуына қатысады

Димаш Құдайберген АҚШ президентінің инаугурациясын мерекелеу апталығының ашылу салтанатына қатысады. Бұл туралы dimashnews.com хабарлайды.

– Бүгін Димаш Құдайбергеннің Америка Құрама Штаттарында 17 қаңтар күні басталатын жаңадан сайланған АҚШ президенті Джозеф Байденнің инаугурациясын тойлау апталығының ашылу салтанатына қатысатындығы хабарланды, – делінген хабарламада.

Дәстүр бойынша бұл іс-шараны бауырлас қалалар ассоциациясы – «Sister Cities International» ұйымы өткізеді. АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джозеф Байден бұл ұйымның құрметті төрағасы болады. Сонымен қатар, бұл іс-шараға дипломатиялық корпус та қатысады.

Пандемияға байланысты шара 2021 жылдың 17 қаңтарында сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 6:00-ден 8:00-ге дейін) онлайн түрде өтеді.

Еске сала кетейік, «Sister Cities International» іс-шарасынан бір күн бұрын 16 қаңтарда «DIMASH DIGITAL SHOW» атты алғашқы онлайн-концерті өткізіледі.