Әлем - 05.01.2021

Атамбаев колонияға ауыстырылды

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Мемлекеттік ҰҚК тергеу изоляторынан Бішкектегі № 47 түзеу колониясына ауыстырылды. Tengrinews.kz-тің хабарлауынша бұл туралы оның жұбайы Раиса Атамбаева айтқан.
Оның айтуынша, күйеуін Жаңа жыл қарсаңында ауыстырған.

— Бұл туралы ешкім білмеді. 31 желтоқсанда маған және балаларымыз Қадыр мен Әлияға кездесуге рұқсат берді. Сол кезде біз колонияға бардық. Ол емін жалғастырып жатыр. Әрине, бұл колонияда жағдай жақсы: серуендеуге, адамдармен сөйлесуге болады. Алмазбек Атамбаевтың қан қысымы төмен және оған қатты суық тиген. Біз оған ыстық тамақ әкеліп, жылы киім бердік, — деді Раиса Атамбаева басылымға.

Айта кетсек, Алмазбек Атамбаевқа қатысты бірнеше қылмыстық із қозғалды. Оның ішінде 2019 жылғы 7—8 тамызда Қой-Таш ауылында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, жемқорлық жасады және қылмыспен келген табысты заңдастырып алды деген күдікпен ұсталды.