Атырау мешіттері биыл 18 отбасыны баспанамен қамтыды

Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл туралы бүгін онлайн брифингте Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мәлімдеді.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында биыл 18 мұқтаж отбасына баспана берілді. Мешіттердің ұйытқы болуымен берілген баспаналар негізінен көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, әлеуметтік жағдайы төмен шаңырақтарды қамтыды, – деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Бұдан бөлек, «Мектепке жол» акциясы аясында 185 отбасы балаларына оқу құралдары мен 40 телефон табыс етілді.

Ал пандемияға байланысты онлайн форматта өткен​ Құрбан айт кезінде​ ​ 4 116 отбасына 43 тонна ет таратылған.​ ​ Облыс бойынша​ 6 000 балаға Құрбан айт сыйлығы үлестірілді. Жалпы Құрбан айттан бөлек, жыл бойына 7 179 отбасына 40 сиыр еті, 880 қой еті таратылған.