Жылыойда 29 адам тамақтан уланған

28 желтоқсанда Жылыой аудандық ауруханасында тамақтан улану шағымымен түскен 21 тұрғын ем алуда. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

– Жылыой аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне  27–28 желтоқсан аралығында тағамдық токсикоинфекциясы диагнозы бойынша 29 науқас келіп қаралды. Оның ішінде стационарға жатудан бас тартқан науқастар саны – 4, және 4 науқас үйіне амбулаторлы ем алуға жіберілсе, 21 накқас стационарға жатқызылды. Тұрғындардың шағымы бойынша барлығы 24 желтоқсан күні «Три самурай» кафесінен суши алып тамақтанған. Қазіргі таңда 21 науқас жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылып, тиісті ем-шаралар қабылдауда, – деді Жылыой аудандық орталық ауруханасының директоры Нұрбек Үкібаев.

Ауруханаға жүгінген тұрғындардың бәрінде іш өту, жоғары температура, жүрек айнуы, құсу және жалпы әлсіздік улану белгілері байқалған.

Айта кетсек, ауруханаға жатқызылған адамдардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Қазір осы факті бойынша құқық қорғау органдары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тексеру жүргізіп жатыр.