Жол апатынан ағайынды екеу мерт болды

Атырау облысында жеңіл көлік аударылып, екі адам мерт болды.

Жол апаты 19 желтоқсан күні «Индер–Атырау» тасжолында болған.

Индер ауданының Ынтымақ ауылында тұратын 32 жастағы жүргізуші «Приора» маркалы көлігімен Ақтау қаласынан келген әпкесін 4 баласымен бірге Атырауға жеткізу үшін жолға шыққан. Алайда жолда көлік аударылған. Жол-көлік апатынан оқиға орнында ағайынды 32 жастағы жүргізуші мен 38 жастағы әйел мерт болған.

Аударылған көліктегі төрт бала аман қалған. Қазір жол апатына байланысты сараптама тағайындалып, тергеу жүргізіліп жатыр.