Жаңажылдық кештерге тыйым салынды

Қазақстанда 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін шектеу шаралары күшейтіледі. Бұл туралы coronavirus2020.kz хабарлады.
Осыған байланысты Ведомствоаралық комиссия бірқатар шешім қабылдады.
— 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады.
— Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін «Теңіз» кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі.
— Бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабылдау.
Сонымен қатар, білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ, қоғамның пікірін ескере отырып, келесі шешімдер қабылданды:
— оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту, пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан қарастырылсын;
— оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылсын;
— II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын.
Үкімет басшысы әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырып, олардың назарын қоғамдық орындарды, мектептер мен балабақшаларды сапалы санитарлық өңдеу, сондай-ақ, егу пункттерін вакцинациялауға дайындау қажеттігіне аударды.
Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.