Мектепте инклюзивті кабинет ашылды

Атырау қаласындағы Боран Нысанбаев атындағы орта мектепте инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш мектепте ерекше білімді қажет ететін 6 оқушы оқиды, олардың әрбіріне педагог-ассистент қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, дефектолог, логопед, психолог, кабинет жетекшісі штаттары ашылған.
Инклюзивті қолдау кабинетінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова қатысты.
Инклюзивті қолдау кабинетінде психологиялық дамуында аутизм белгілері бар балаларды АВА әдісі бойынша оқыту көзделген. Педагогтардың сүйемелдеуімен оқушыларды қалыпты балалардың қатарына қосу – орталық мамандарының мақсаты.
Арнайы сыныптарда дефектолог, логопед, педагог-ассистент мамандығы бойынша 41 маман ерекше балалармен жұмыс жасау үшін арнайы курстардан өтіп, біліктіліктерін арттырған.
Айта кетсек, бүгінде облыста ерекше білімді қажет ететін 6 653 бала бар.