100 орындық жатақхана ашылды

Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенттері үшін 100 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.


Жатақхана Елбасы – Тұңғыш Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында салынды. Заманауи үлгіде бой көтерген төрт қабатты жатақхана барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Онда студенттермен бірге жас отбасылар да тұра алады. Бөлмелер қажетті жиһаздармен жабдықталған. ​ Әр қабатта 4 теледидар мен 12 автоматты кір жуу машиналары бар.

Ғимараттың ашылу салтанатына арнайы қатысқан ​ облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жаңа жатақхананың салынуы студенттер үшін маңызды екенін айтып, колледж ұстаздары мен студенттерін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

– Бүгін жарты ғасырға жуық тарихы бар, өңіріміздегі аса қажетті мамандар даярлайтын оқу орнының керегесі кеңейді. Атырау Энергетика, құрылыс колледжінің 100 орындық ​ жаңа жатақханасы қолданысқа берілуде. Қазіргі кезде облысымыздағы 24 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 15 мыңнан астам студент білім алуда. Олардың жатақханаға деген сұранысын 2022 жылға дейін шешуді көздеп отырмыз. Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» үндеуі негізінде 2018 жылы арнайы жол картасы қабылданды. Соның аясында 2 жатақхананың құрылысы аяқталды. Ал Атырау қаласы және Индер мен Жылыой аудандарында колледж жатақханалары салынуда, – деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Жаңа жатақхана ТШО компаниясының «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы ​ аясында салынып отыр.​
Айта кетсек, бүгінгі таңда ​Атырау энергетика және құрылыс колледжінде 773 студент білім алуда. Оның 189-і – ауылдық елді мекендерден келген жастар. ​ Сондай-ақ, инженер-оқытушылық құрамында 93 маман болса, оның 20-ы – өзге өңірлерден және облысымыздың ауылдарынан келген.