Пенчак силаттан Атырау құрамасы 11 медаль иеленді

7–11 желтоқсан күндері Шымкент қаласында Пенчак силат спортынан Қазақстан Респуликасының чемпионы өтті.
Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 300-ге жуық спортшы қатысқан сайыста Айбек Нұрлыбеков бастаған Атырау облысының құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, 6 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған.

Ересектер арасында 70 келіде Алмат Аубекеров, 80 келіде Бахтияр Утешов және 85 келіде Айбол Жолдасовтар чемпион атанса, күміс медальді Аманжан Амангелді, ал қос қоланы Дархан Жұмағалиев пен Арсен Ермекқали еншіледі.

Жасөспірімдер арасында Артур Жолдас, Нұрдәулет Тасмағамбетов, Ернұр Төлеуғали алтын жүлде, Нұрхан Әділбек күміс және Айқын Серік қола жүлде иеленді.

Айта кетсек, Пенчак силат – еліміздегі жас спорт түрлерінің бірі. Ел чемпионатында жеңіске жеткен спортшылар Азия және әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болады.